Еуразиялық Одақ – Назарбаевтың интеграциялық  игі бастамасы

/uploads/thumbnail/20181109120410146_small.jpg

1991 жылы бұрынғы Кеңес Одағына кіретін елдер тәуелсіздік алғаннан кейін оларды ортақ идеяға біріктіретін жаңашыл бастама керек болды. Ақиқатында, бұрын экономикасы тамырланып қалған елдер бір-бірінсіз өмір сүре алмайтыны бәсенеден белгілі. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі үш жыл посткеңестік елдерге қиын соқты. Экономика дамыған жоқ. Халықтың әл-ауқаты нашарлап кетті.  Өндіріс тоқтады. Енді не істеу керек?

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев  1994 жылы Мәскеудің Ломоносов атыгдағы университетіне оқытушылар құрамы алдында сөйлеген сөзінде Еуразиялық Одақ құру бастамасын көтерді. Алғашында бұл мүлде орындалмайтын көрінген. Бірақ Елбасының жаңашылдығы барған сайын өміршең бола бастады. Нақтылай айтқанда, Назарбаев ұсынған

еуразиялық интеграция идеясы – көршілес мемлекеттердің экономикалық ықпалдастығын белсенді түрде нығайту және оны одан ары дамыту екені бірден байқалды. Рас, алғашқы ұмтылыс 1991 жылы Кеңес одағына кіретін елдер тәуелсіздік алған тұста басталды. Дербес өмір сүруді қалаған елдер шашырап әр тарапқа кетпес үшін Назарбаев 1991 жылдың 16 желтоқсанында олардың барлығын Алматыға жинады. Сөйтіп, бұрынғы Кеңес Одағының құрамында Алматыда Тәуелсіз мемлкеттер Достастығы құрылды. Ол шараға 9 мемлекеттің басшылары қатысып, келісімге қол қойды, кейіннен қалғандары қосылды. Одан кейінгі идея – Еуразиялық Одақ құру. Оның мақсаты– ең алдымен үзіліп қалған экономикалық байланыстарды қалпына келтіру.

Қазақстан президентінің  Еуразия Одағы идеясын алға жылжыту оңайға түскен жоқ. Оған күмәнмен қарағандар да көп болды. Бастама  1994 жылы көтерілгенімен, бір нәрсе айқын еді.  XXI ғасырда интеграциясыз өмір сүру мүмкін емес Елбасының  Еуразиялық Одақ құру туралы ұсынысының мәні ТМД мемлекеттерінің әрқайсысының әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктерін ескере отырып, интеграциялық процестерді біртіндеп жүзеге асыру. Теориялық тілмен айтқанда, Еуразиялық интеграция – бұл мүмкін болатын геосаяси апаттар мен әлеуметтік-саяси шұғыл өзгерістерге кепілдік.

Қазақстан Президентінің  Еуразиялық бастамасы ТМД аймағы үшін – жаңашыл жоба екені рас. Елбасының «Мемлекеттердің Еуразия одағын құру жөніндегі» жобасы 1994 жылы 3 маусымда ТМД-ға қатысушы мемлекет басшыларына жіберіліп, оның нәтижесі 6 маусымда қазақстандық, ал 8 маусымда ресейлік баспасөзде жарияланды.

Бұл негізінен еуропалық Одақтың тәжірибесін зерттей келе туындаған үлкен жоба. Ол ТМД елдерінің экономикалық ықпалдастығын жақындастыратын бастама. Сондықтан бұл жерде о баста Қазақстан Президенті атап өткеніндей, ұлттық құрылымдардан тыс үйлестіруші құрылымдар құрылуы керек болды. Атап айтқанда, экономика, шикізат ресурстары жөніндегі комиссия, экономикалық және техникалық ынтымақтастық істері бойынша қор, инвестициялық банк және тағы басқалар екенін айта кеткен жөн. Еуразиялық Одақ құру идеясының басында Қазақстан президенті тұрғанын мына бір тарихи дерек  тағы айғақтап тұрғандай.

1994 жылы қазанда Мәскеудегі ТМД елдері  басшыларының саммитінде мынандай қаулы қабылданды. «Мемлекеттердің Еуразиялық Одағын құру туралы Н.Ә. Назарбаев ұсынысын терең және жете зерттеп, Достастық тәуелсіз мемлекеттер басшыларының Кеңесі шешім қабылдады. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың мемлекеттердің Еуразиялық Одағын құру туралы жобасы назарға алынсын, Тәуелсіз мемлекеттер Достастығында интеграциялық  процесті тереңдету үшін Қазақстан республикасының ұсынысында көрсетілген негізгі идеялары пайдаланылсын».

Әрине, шешім қабылданғанымен, бұл жобаны жүзеге асыру үшін бірнеше жыл уақыт керек болды. Бірақ күн өткен сайын интеграциялық байаныстың аса қажет екендігі айқындала бастады.  2000 жылдың 10 қазанында Белоруссия, Қазақстан, Ресей, Тәжікстан мен Қырғызстан мемлекет басшылары Астана қаласындағы кездесті. Сөйтіп  Еуразиялық экономикалық қауымдастықты құру  жөнінде  келісімге қол қойды.

2004 жылы Еуразиялық бастаманың 10 жылдығында президент  Назарбаев өзінің  Еуразиялық одақ жобасының экономикалық тұрғыда тиімділігін айта келіп, одақтың ұлттық егемендікке қатері болмайтынын атап өтті.

Еуразиялық Одақ идеясы ТМД көлемімен ғана шектеліп қалмайтынын Қазақстан президенті түсінді. Сөйтіп, Назарбаевтың бастамасы бойынша 2008 жылы  «Еуропаға жол» бағдарламасы қабылданды. Назарбаев «Еуропалық одақ қағидасы бойынша» қалыптасатын Еуразиялық одақ идеясын тағы да дамытты.

Айта кетейік, жалпы Еуразиялық экономикалық Одақтың (ЕАЭО) Қазақстан үшін қандай қажетітілігі мен тиімлігі бар?  Бұл туралы Қазақстан президенті о баста мұның үлкен күрделі  мәселеге айналмайтын және өмірлік маңызы айқындала түсетінін  қадап айтты.

– Бүгінде біздің бұдан арғы іс-қимы­лымыздың стратегиясын кемінде 15-20 жылға айқындап, алыс көкжиекке қарау маңызды болып отыр. Одағымыздың 21 ға­сырдың бірінші жартысындағы басты мис­сиясы екі жайтқа байланыс­ты екенін тү­сіну керек. Біріншіден, әлемнің маңызды эко­номикалық макроөңірлерінің біріне айналу, бұл бізге Шығыс пен Батыстың, Еуропа мен Азияның арасындағы «экономикалық көпір» ретінде бәсекелестікте табиғи артықшылық береді. Екіншіден, елдеріміздің әрқайсысының әлемдегі дамыған мемлекеттер қатарына қосылуын қамтамасыз етеді. Еуразиялық экономикалық одақ халықтар мен мемлекеттер үшін ауыртпалыққа емес, игілікке айналуы тиіс. Осындай ұстанымда болу арқылы ғана еуразиялық таңдаудың тартымдылығын қамтамасыз етіп, Еуразиялық экономикалық одақтың тағдырлы мақсаттарына қатысты кез келген күмәнді біржола сейілте аламыз. Біз Еуразиялық экономикалық комиссия Мәскеуде болады деп келістік. Минскіде Еуразиялық сот орналасады. Ол жерде біздің одақтың құқықтық аспектілері шоғырланады. Одақтың қаржы нарықтарын реттеу жөніндегі ұлтүстілік органы 2025 жылдан бастап Алматыда болады, – деп атап көрсетті  Қазақстан Президенті.

Шындығында, Еуразиялық экономикалық Одақ – өте ауқымды нарық. Бұл аймақтық сауда, халықаралық интеграцияны біріктіреді. Бұл нарықта жұмысшы күші, қызмет капиталы мен тауар тасымалы еркін жүреді. Бұл – Беларусь, Қазақстан, Ресей, Армения және Қырғызстан елдерін құрайтын үлкен нарық. Бүгінгі күнде экономикалық Одақтың халқы, яғни тұтынушысы 182,7 миллион адамды жетіп отыр.  Демек аталған  нарықта тауар айналымы еркін жүріп, өндіріс дамып, алып-сату қызметі де тығыз  байланысты болуы тиіс.

Сарапшылардың бағалауына қарағанда, 2019 жылдан бастап, Еуразиялық экономикалық Одақтың (ЕАЭО) жалпы ортақ электр нарығы, 2025 жылдан кейін біртұтас мұнай өнімдері, мұнай және газ, сондай-ақ болашақта бірыңғай  қаржы нарығы құрылатын болады. Еуразиялық экономикалық Одаққа кіргеннен кейін Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 2017 жылы – 25 пайызға, қаржыға шаққанда - 77, 6 миллиард долларға, соның ішінде Еуразиялық экономикалық Одаққа мүше елдермен 26 пайызға артты. Бұл шамамен алғанда, 17, 4 миллиард долларға өсті деген сөз.

Бұл жерде біздің ел үшін тиімді болып отырған тағы бір нәрсе бар. Аталған экономикалық Одаққа мүше елдер басқа мемлекеттермен де еркін сауда аймағы арқылы тауар қатынасын жасай алады. Сауда айналымы тұрғысынан алсақ, Қазақстан Еуразиялық экономикалық Одаққа мүше елдердің ішінде әсіресе, Вьетнаммен жағдайды жақсартты. Дерекке жүгінер болсақ,  2017 жылы Астанада өткен экономикалық форумнан кейін Қазақстан мен Вьетнам арасындағы сауда айналымы 48 паызға өсіп, 542 миллион долларға жетті.  Вьетнамға азық-түлік тауарлары, ауыл шаруашылығы өнімдері, металл мен басқа бұйымдар экспорты күшейді. Қазақ көмірін Ресейдің Қиыр Шығыс порты   арқылы тасымалдау артты.

Инфляциялық қысым мен инвестициялық өсімнің арқасында Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) арасындағы өндіріс көлемі тұтастай алғанда, 2,6  пайызға артты. Бұл әсіресе Қазақстанға тиімді болды. Одаққа мүше елдермен салыстырмалы түрде қарағанда, Қазақстанда өндірістік өнім 7 пайызға өсті. Мұндай жағымды көрсеткіштер, шикізаттық емес 13 салада байқалды. Атап айтқанда,  фармацевтика  (41,8%), көлік өндірісі мен жабдықтау  (38,4%), электр жабдықтары өндірісі (17,6%), аяқ киім және былғары өндірісі (8,4%), тігін және тоқыма (7,2%), химия өндірісі (7,2%), сондай-ақ металлургия саласы  (5,9%) өсті.

Айта кететін бір нәрсе, аталған ЕАЭО -на сүше елдерге ортақ заңдылық енгізілген. Мысалы, Қазақстан тұрғы одаққа мүше елдердің территориясында еркін жұмыс істей алады. Бір ғана мысал, қазіргі уақытта ЕАЭО -на мүше елдерден Қазақстанға келіп жұмыс істеп жатқандар көп. Қазақстаннан  да аталған елдердің нарығында жұмыс істеп жүргендер жетерлік. Статистика комитетінің соңғы бес жылдағы көрсеткіштеріне назар аударар болсақ, Қазақстанда жұмыссыздардың саны төмендеп, 4,9 пайызға жеткен. Бұл әрине, жағымды нәтиже екенін айта кетуге болады. 

Қазір ЕАЭО -на мүше елдер арасында бірыңғай көлік кеңістігі құрылып, ортақ көлік қызметі нарығы жұмыс істей бастады. Президент Назарбаевтың бастамасымен «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы құрылып, ол халықаралық жобаға ұласты. Атап айтқанда, «Нұрлы жол» қазір халықаралық «Бір белдеу, бір жол» жобасымен жалғасты. Еуразиялық экономикалық Одақ құрылғаннан кейін, Қазақстанда әлемдік ауқымды жоба «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізі іске қосылды. Енді Пекин – Астана – Москва – Берлин «Евразия» бағыты да ЕАЭО -на мүше елдер арасындағы тауар тасымалы мен қарым-қатынасты бұрынғыдан жандандыратыны сөзсіз.

ТҮЙІН: 1994 жылы Мәскеудегі Ломоносов атындағы университеттің оқытушылар құрамының алдында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көтерген идеясы жүзеге асты және барған сайың өміршең болып келе жатыр. Өйткені жиырма бірінші ғасырда интеграциясыз өмір сүру мүмкін емес.Бұл айқын әрі анық нәрсе.

Еркін ҚАЛДАН

Қатысты Мақалалар